Жеңімпаздар «Мен Қазақпын!» телевизиялық мегажобасының республикалық байқауына жолдама алды

20:08, 19 маусым 2017

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бастамасымен өтіп жатқан «Мен Қазақпын» телевизиялық мегажобасының Жамбыл облысындағы іріктеу кезеңі аяқталды.  Күні кеше ғана Әулиеата өңірін ән мен күйге бөлеген жобада дәстүрлі ән, терме және күй номинациялары бойынша кіл мықтылар анықталып, республикалық байқауға жолдама алды. Қатысушылардың бағы мен бабы қатар сыналған байқауда кім жүйрік, кім тұлпар болғанын әріптесім Қымбат Қаржауқызы тарқатсын.

 

Іріктеу сынына Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы мен аудандарынан барлығы 33 үміткер қатысты. Олар дәстүрлі ән, терме, күй номинациясы бойынша бақтарын сынады. Әділқазылар үшін кіл мықтыларды анықтау оңайға соқпаса керек-ті. Шешуші сәтте олар ұзақ ойланды. Бірақ, қашанда жарыс болған соң, оқ бойы оза шауып, дараланатыны болады. Бұл сында да нақ осындай жүйріктердің бабы мен бағы қатар шауып, суырылып алға шықты. Байқау қорытыныдысы бойынша, әділқазылардың ұйғаруымен дәстүрлі ән номинациясы бойынша жеңімпаз Сұлужан Әбенова атанса, терме номинациясы бойынша Талас ауданынан шыққан өнерпаз Айдос Оңғарбайдың бағы жанды. Ал күй номинациясы бойынша жүлдені Тоғжан Шағырбаева иеленді. Осы тұста үш жеңімпаздың өнерінен үзінді келтірсек.

 Жобада жас ерекшелігіне баса мән беріледі, яғни оған 18 бен 40 жас аралығындағы өнерпаздар қатысуда. Оларға қойылар талап та жоғары.

Дүйсенбек Өмірәлиев, әділқазылар алқасының мүшесі,  жыршы – термеші /Жарыс қой бұл. Небір дүлдүлдер, бұлбұлдар шығады. Ол анадан анау артық, кем деген нәрсе жоқ. Термені алатын болсақ, екі баланы 1 ші орынға ұсындық. Жақсылық пен Айдосты. Жақсылық жамандығынан кеткен жоқ. Талапқа сай еместігінен түсті. Бұл жерде күміс көмей әншілер де болды. Термесі әдемі болғанмен, дикциясы анық емес, оған да біз көңіл аудардық/

 

Мегажобаның Жамбыл облысындағы іріктеу сынынан сүрінбей өткен үш жеңімпазға үлкен сенім артылып отыр. Сондықтан жобаның Жамбыл облысындағы әділқазылар алқасының төрағасы, дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова оларға облыс намысын қорғауда табандылық пен үлкен дайындық керек екенін түсіндірді. Олардың алдағы аяқ алысы мен шабысына ендігі кезекте өзінің жауапты екендігін айтты. 

Ардақ Балажанова, «Мен Қазақпын» телевизиялық мегажобасының Жамбыл облысындағы әділқазылар алқасының төрағасы, әнші

/Жеңістерің құтты болсын! Сендерге халық үлкен сенім артып отыр. «Кемедегінің жаны бір» демекші, енді күндіз-түні алдағы сынға бірге дайындалатын боламыз. Сондықтан сендерге сәттілік тілеймін!/

 

Ия, енді әнші Ардақ Балажанова Астана қаласында өтетін телевизиялық байқауда осы үміткерлерге тәлімгерлік атқарып, олардың жоғары деңгейде өнер көрсетуіне қолдау көрсететін болады. Өңір жеңімпаздары Астана қаласы «ҚазМедиа» орталығында бас қосып, финалдық жарыста бақ сынайды. Ақтық мәре тікелей эфирде өтеді. Жеңімпаздар бағдарлама аясында арнайы сыйлықтармен марапатталып, бас жүлде үшін «Ең үздік жылдың дәстүрлі әншісі», «Ең үздік жылдың термешісі» және «Ең үздік жылдың күйшісі» атағы беріледі.                                

Қымбат Қаржауқызы, «Жаңалықтар қызметі»

 

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

22-қыркүйек Қазақстан халықтарының тілдері күні
20:41, 22 қыркүйек 2017
22-қыркүйек Қазақстан халықтарының тілдері күні
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

Елбасы мақаласы- жастарды жігерлендірген жаңа бағдар
15:57, 19 қыркүйек 2017
Елбасы мақаласы- жастарды жігерлендірген жаңа бағдар
Толығырақ...