ШҰҒЫЛ! ТАРИХ – МӘДЕНИЕТ – ТУРИЗМ Толығырақ

КАНАДАЛЫҚ КОМПАНИЯ ИНВЕСТЦИЯ САЛУҒА НИЕТТІ

21:19, 14 маусым 2019

Канадалық инвесторлар  Әулиеата өңіріне инвестиция салуға ниетті. Әлемнің бірнеше елінде тәжірбиесі бар компания Шу өңірінде заманауи зауыт салуы мүмкін.  Маңызы салмақты, тиімділігі жан- жақты жоспардың жай –жапсары  облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты сараланды.

  Канадалық инвестор «CANNAMEDICA» компаниясының өкілдері аймақ басшысынң қабылдауында болды.   Олар өңірімізде каннабис майын өндіретін ірі  жобаны жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Бұл май медициналық бағытта кең көлемде қолданылады, көптеген ауруларға таптырмас емдік қасиетке ие екен.

           Компанияның бақылау кеңесінің мүшесі Абуладзе Константин мырзаның айтуынша, зауыт қалдықсыз технология жүйесіне негізделмек. Негізгі өнімнен қалған қалдықтан қағаз, мата, биоотын шығару көзделуде. Ал, өнім Европа, Канада, Қытайға экспортталмақ. Алғашқы кезеңде 500 тонна, екінші кезеңде 1000 тонна, уақыт өте 5000 тоннаға дейін қара сораны игеруге күш салмақ. Компания өкілдері егер келісім болса зауыт құрылысын алдағы үш жылда толығымен аяқтап, жұмысты бастауға болатынын айтты.

          Асқар Исабекұлы жобаны қолдауға дайын екенін, алайда зауыт негізінен есірткісіз  өнім өндіруге бағытталуы тиіс екенін баса айтты. Ол үшін алдымен  халықаралық ұйымдамдардың арнайы рұқсатын алу – жұмысты жүйелей түсуге мүмкіндік бермек. Осыны ескерген өңір басшысы компания өкілдерінен өнім өндіру технологиясын, өнім құрамы туралы толық түсінік беруді талап етті. Сондай-ақ, жұмыстар аяқсыз қалып немесе нәтижесіз болмау үшін арнайы екі жақты меморандум жасасуды ұсынды. Ол меморандумда тараптардың  міндеттері мен талаптары нақты белгіленбек.

          Айта кетейік, облыс әкімі жоба жүзеге асқан жағдайда негізгі жұмыс күшін жергілікті тұрғындардан тарту керектігіне де жіті көңіл бөлді. Ұсынысқа қарай қажетті мамандарды дайындауға жергілікті билік барынша атсалысатынын жеткізді.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар