ШҰҒЫЛ! ҚАЛАДА 78 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ Толығырақ

БАСПАНА – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

19:05, 12 тамыз 2019

Таразда 500 отбасыға арендалық жатақхана салынып беріледі. Үй алуға шамасы келмейтіндердің әлеуетін ескерген жергілікті билік осындай қадамға барып отыр. Себебі, нақты ақшаға немесе несиеге үй алуға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді.

Дәйекке дәлел айтсақ, Жамбыл облысында 26 мыңға жуық адам үй  кезегінде тұр. Оның 18 мыңы Тараздықтар. оған 70 мыңға жуық жер кезегінде тұрғандарды қосыңыз. 

Маңызды мәселенің жай жапсарын және баспаналы болудың жолдарын тілшіміз  Гүлжан Серік зерделеп  көрді.

Аружан өз үйінің болғанын армандайды. Қазір екі бөлмелі пәтердің  бір бөлмесін жалға алып отыр. Ендігі мақсаты қалайда мемлекеттік бағдарлама арқылы бір үй алу.

Аружан МҰРАТХАНОВА  ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Баламыз екеуміз бір апаның үйінің мына бір бөлмесін жалға алып отырмыз. Бағасы 15 мың теңге айына. Өзім бір мейрамханада ыдыс жуамын. Бір бағдарлама туралы естідік. 7-20-25 бағдарламасы өте ыңғайлы екен. Енді сол арқылы құжатымды тапсырып үй алсам деген ойым бар».

Төмен  пайызбен  үй алуға мүмкіндік беретін 7-20-25 бағдарламасынан Аружан сынды жүздеген адам үмітті. Өз атында мүлкі жоқ  азаматтар табысы жетсе 7 пайызбен баспаналы бола алады.

Марат ЖАРБОЛОВ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ  БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Облысымызда 20 кредиттік үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 9 осы тамыз айында беріледі. Сол үйлер 7-20-25 бағдарламасы аясында беріледі. Оның жас отбасыларға, ұстаздарға берер мүмкіншілігі зор».

Таразда 2 бөлмелі пәтер бағасы 7-8 млн теңгеден басталады. Алайда, табысы шай – пұлынан артылмайтын, көпбалалы отбасылар үшін, бұл қаражатты табу әлбетте қиын. Сондықтан, жергілікті билік кезекте тұрған тұрмысы төмен отбасыларға  арендалық жатақхана салып бермек. 

 Ағабек МЫРЗАБЕКОВ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТКШ  БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Жалдау құны қымбат болмайды. Тек коммуналдық шығындарын ғана төлейді. Ол шамамен 4-5 мың теңге. Барлық көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың проблемасы толықтай шешіледі деп айта алмаймыз, дегенмен аса мұқтаж отбасылар пәтерден – пәтерге көшіп жүрмейді. Өз пәтерін алғанша осы арендалық үйлерде тұрады».

Қазір, Жаңатас, Қаратау, Шу және Таразда 12 арендалық  тұрғын – үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс біткен соң, 500 отбасы жаңа қонысқа жайғасады.

 Айта кетейік, 7-20-25 бағдарламасынан өзге үй алуға арналған бірнеше бағдарлама бар. Мәселен,  «Бақытты отбасы» жобасы. Бұл бағдарламамен әкімдікте кезекте тұрған көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үй ала алады.  Пайыздық мөлшері: 2 % ғана. «Өз үйім» -  тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылар алады. Пайыздық мөлшері 7 %. Әскери баспана -  бұл әскерилерге арналған. Бастапқы  15  %.  жарнаны құйса, Жылдық пайыздық мөлшері – 8  % - бен ипотека беріледі. Біз, баспаналы болудың жолдарын айттық, Әрекет Сізден!

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар