«Би әлемі» байқауы

22:30, 13 наурыз 2017   359

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты ұжымы тағы бір игі бастаманы қолға алды. Бұл жолы оқу орны хореграфия мамандығына студенттердің қызығушылығын арттыру мақсатында 11-сынып оқушылары арасында «Би әлемі» атты аймақтық байқау өткізді. Онда  өңірдің барлық аудандары мен Тараз қаласынан би өнеріне жақын өнерпаздар ректордың грантын ұтып алу үшін  өзара бақ сынады.

Басқа байқаулардан өзгерек конкурстың басты мақсаты хореография мамандығын дамыту  болып табылады. Өйткені, бүгінгі таңда бұл мамандыққа түсуге ниетті жастардың саны аз. Сондықтан оқу орындары мен мектептерде би өнері кенжелеп келеді. Ал, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтындағы мәдениет және өнер кафедрасында аталмыш  мамандық 17 жылдан бері оқытылып келеді. Жыл сайын 17 немесе 20-ға жуық студент қолдарына дипломын алып, жұмыспен  қамтылады екен. Осындай қажеттіліктен әрі ұлттық өнерді насихаттау бағытындағы ұйымдастырылған байқау биыл алғаш рет ұйымдастырылды.

Лескүл Ибраймова, Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты мәдениет және өнер кафедрасының деканы

Бұл байқау өте қажет деп ойлаймыз. Сондықтан байқауды біз жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде мамандыққа деген сұраныс артады. Тіптен, конкурсты республикалық деңгейге көтеру  көзделуде.

Конкурсқа аудандар мен Тараз қаласы орта мектептерінің 11 сынып оқушылары қатысты. 21 үміткер  екі кезең бойынша бақ сынасты. Алғашқы сында  қатысушылар сахнада ұлттық биімізді  нақышына келтіре  орындаса, екінші кезеңде өз таңдаулары бойынша түрлі тақырыпта өнерлерін көрсетті. Қазылар алқасы жас бишілердің орындау шеберлігімен қатар, сахналық бейнені сомдауы, музыкалық сүйемелдерудің ұтымды таңдалуына ерекше назар аударды.

Әдия Бекмұрзаева, байқауға қатысушы

Маған билеген ұнайды. Бұл менің әлемім. Мен бала кезімнен осымен айналыстым. Сахнада билей отырып мен ерекше шабыттанамын, демаламын.

Аяна Тасболат, байқауға қатысушы

Мен 4 жасымнан бастап, биге қатыстым. Үш жыл бұрын шағын би үйірмесінен  спорттық би мамандығы бойынша қолыма қағаз алдым. Байқауға қатысуымның басты себебі, ұту. Грантты жеңіп алу.

«Би әлемі» байқауының ерекшелігі жүзден жүйрік шыққан жеңімпазға аталған мамандық бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық институты ректорының оқу гранты беріледі. Мұндай тамаша мүмкіндікті Ксения Рудакова иеленді. Ал, 1 орын иегері Татьяна Думаға  оқу орнында білім алуға 75  пайыздық жеңілдік берілсе, Әдия Бекмұрзаева 50 пайыздық жеңілдікке қол жеткізді.

 

Мархабат Көпбосынова, Өміртай Ыбырай «Жаңалықтар қызметі»

«Қазақстан-Тараз» телеарнасының ресми сайты

080000, Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 6 үй Байланыс телефондары: 8 (7262) 45-29-40