Дарынды жастар – еліміздің болашағы

22:00, 11 қаңтар 2017

Жамбылдық жас өрендер Индонезияда өткен Дүниежүзілік олимпиадада топ жарды. Жас физиктер ұсынған ғылыми жобаны белгілі ғалымдардан құралған қазылар алқасы жоғары бағалаған. 48 мемлекеттен келген 270-тен астам оқушы арасынан озып шығу да үлкен жетістік.

Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатында уақыт талабына сай жаратылыстану-математика бағытына айрықша көңіл бөлініп келеді. Сонымен қатар, физика, химия, биология, информатика, математика пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі. Нәтижесінде шәкірттер Индонезияның Бали аралында өткен 13-ші Жасөспірімдердің Дүниежүзілік ғылыми олимпиадасында қола медальға ие болған. Интеллектуалдық жарыста оқушыларының қабілет-қарымын ұштаған ұстазы да олардың болашағынан үлкен үміт күтеді.

Ержан Жұмаділов, физика пәнінің мұғалімі

Мектебіміз 6 жыл қатарынан республикалық пәндік олимпиадада ең үздік олимпиадалық команда номинациясын  жеңіп келеді. Сонымен қатар, Швейцарияда өткен 47-ші физикалық олимпиадада оқушыларымыз күміс медаль иеленсе, 10-шы сыныптағы оқушымыз үшінші орынды иеленді.

Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернаты оқушыларының бұл оқу жылында қол жеткізген табыстары қомақты. Білім олимпиадасының қорытындысы бойынша 14 алтын, 15 күміс, 13 қола – жалпы саны 42 медальмен Жамбыл облысында көш бастап тұр.

Ринат Жұмаділ, Дарынды балаларға арналған Қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады»,-деп Абай атамыз айтқандай шәкіртінің білімді болуы – ұстаздың еңбегі. Мен қазақ-түрік лицей оқушылары арасында өткен республикалық олимпиадада физика пәні бойынша 1 орын иелендім.

Санжар Жұмахан, дарынды балаларға арналған Қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы

Бұл физикаға қызығушылығымның арқасында болды. Біз Қазақстанның атынан жетекшілерімізбен бірге барып, жеңімпаз болып келдік. Олимпиаданың арқасында Қазақстанның болашағына өз үлесімді қосқым келеді.

Иә, олардың алдарында айқын мақсат, нақты таңдау бар. Білім сайыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жас өрендердің білім жолына аттаған әрбір биік белестеріне сәттілік тілейміз! Талаптың тұлпарына мінген бүгінгі оқушылардың ертең-ақ облысымыздың абыройын асқақтатып, тәуелсіз еліміздің көк байрағын биікте желбіретер азамат боларына сенеміз.                           

 

Ақерке Бектас, Асқар Әділ «Жаңалықтар қызметі»

Тақырып бойынша материалдар

Тараздағы 80 отбасыға пәтер берілді
20:10, 15 желтоқсан 2017
Тараздағы 80 отбасыға пәтер берілді
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар