«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне жамбылдықтардың қосар үлесі қандай?

22:00, 11 қаңтар 2017   116

Биылғы жыл Қазақ елі үшін тағы бір айтулы оқиғамен, маңызды шарамен есте қалмақ. Ол әрине, елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесі. Оған жамбылдықтардың қосар үлесі қандай? Дайындығы қай деңгейде? Көрме кезінде нақты қандай шаралар атқарылатын болады? Ол жөнінде әріптесім Қымбат Қаржауқызы толықтырып берсін.

Жамбыл облысы - Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан іргелі мекендердің бірі және бірегейі. Ал облыс орталығы киелі Тараз шаһарының тарихы тым тереңде жатыр. Ұрпақтар сабақтастығымен үндесіп жатқан сан ғасырлық тарихымызды шетелден келетін туристерге мейлінше анық әрі қанық жеткізу – басты мақсаттардың бірі. ЭКСПО – 2017 көрмесіне ағылған туристермен Тараз қаласында орын тепкен Қарахан, Айша бибі мовзелейлері мен Тектұрмас кесенесі, Ақыртас кешені және одан басқа көптеген тарихи орындарға саяхат жасалынады. Сондай-ақ, маңызды орындардың бірі ретінде жаңадан бой көтерген «Ежелгі Тараз» музейі, жер асты қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлер де келушілер назарына ұсынылады. Сонымен бірге, қорық музей мамандарынан жасақталған топ «Шырағдандар шеруі» деп аталатын көрме жасақтап, Астана қаласына іс сапармен бармақшы.

Тәкен Молдақынов, Мемлекеттік «Ежелгі Тараз» ескерткіштерің тарихи- мәдени қорық мұражайының директоры

Астанада ЭКСПО ның қабырғасында көрме өтеді. Ол көрме «Шырағдандар шеруі» деп аталады. Көрменің тақырыбы мен мақсатына көп жағы келіп тұр. Яғни, шырақ көздері, орта ғасырларда үйдің іші немен жарықтандырылды? Одан кейінгі дәуірлерде қалай болды? Осы ретте көрмені апарамыз амандық болса

Иә, бұдан бөлек Тараз қаласына келуші туристерді қалай қарсы алу, күтіп алу шаралары жан –жақты қарастырылуда. Ол үшін арнайы бағдарлама да әзірленетін болады. Осы жұмыстардың негізінде гидтер, яғни жол бастаушылар дайындау ісі – басты назарда.

Тәкен Молдақынов, Мемлекеттік «Ежелгі Тараз» ескерткіштерің тарихи- мәдени қорық мұражайының директоры

Бірінші кезекте қолға алып жатқанымыз – гидтер, яғни жол бастаушылар. Олар бірнеше тілді білуі керек, әртүрлі мемлекеттің өкілдері келеді, ең болмаса ағылшын, неміс, қытай тілдерін біліп жатса тегі жақсы. Қытайдан келетін туристер ағыны өте мол болады деген болжам айтылуда. Қонақтарды қарсы алатын лебіз сөздерінің мән-мағынасы дәрежесінен бастап, үстілеріне киетін киімдеріне дейін басымдық беріледі

Осы орайда, айтулы шараға жамбылдық жастардың қосар үлесі зор болмақ. Қонақтарды қарсы алу міндеті де жастардан құралған еріктілер тобына жүктелетіні сөзсіз. Олар да қазіргі кезде көптеген тілдерді үйреніп, машықтануда. Бұл мақсатта облыстық тілдерді дамыту басқармасының «Мемлекеттік тілдерді оқыту орталығымен» бірлескен ынтымақтастық меморандумы бекітіліпті. Астана қаласына өңірімзден 150 еріктілердің баратыны да шешіліп қойыпты.

Бұл ретте, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің еліміздегі туризм кластерінің дамуына кең жол ашары сөзсіз. Оған дайындық барысы тыңғылықты, ал жауапкершілік деңгейі тым биік.  

 

Қымбат Қаржауқызы, Ғалымжан Есенбаев, «Жаңалықтар қызметі»

 

«Қазақстан-Тараз» телеарнасының ресми сайты

080000, Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 6 үй Байланыс телефондары: 8 (7262) 45-29-40