ШҰҒЫЛ! ЖАҢА ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ Толығырақ

ҚОСАЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҚ – ТИІМДІ ТАБЫС КӨЗІ

14:30, 3 шілде 2019

Еңбек етсең, емерсің. Үй маңындағы шағын шаруашылығымен-ақ, отбасын асырап, оған қоса бірталай табыс тауып отырған тұрғындар саны соңғы кезде артып келеді. Мұндай шаруасы ширақ жандар Байзақта да баршылық. Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жұмысшы топ өкілдері қала іргесіндегі ауданға қарасты ауыл-аймақты аралап, елдің жағдайын саралап көрді. Мұндағы жұртшылықпен жүздесіп, жұмысын жандандыруға ниет білдіргендерге билік тарапынан барлық қолдау болатынын жеткізді.

Мейденалы Ағалиев алақандай ғана алты сотық жерімен –ақ отбасын асырап отыр. бау-бақшасында қажеттінің бәрі бар. Жайқалып тұр. Биыл қолдан тамшылатып суғару жүйесін орнатып алыпты. Нәтижесінде жылдық табысы 900 мыңнан 1 млн. 300 мыңға дейін артқан. «Аулаға су кірмейді» деген сылтау ғана, істің көзін тапсаң, қарапайым қол құдықпен –ақ талай тірлікті тындыруға болады, дейді ол.

Мейденалы АҒАЛИЕВ – ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Тың тәсілмен құлпынай өсіруді қолға алған тағы бір ауланың тірлігіне тәнті болдық. Биыл тек алғашқы жұмыстарды бастадық деген тұрғын 5 сотық жеріне жылыжай соққан. Бұйырса, алдағы жылы екі мәрте өнім жинап, табысқа кенелеміз деп жоспарлап отыр. Осылайша, шығарған шығынымызды бір жылда өндіріп аламыз, дейді.

Әзімбек ДҮЙСЕМБИЕВ – БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Шарбағындағы шағын бау-бақша Нармина Акифованың жалғыз табыс көзі. Сол себепті де көгеріштерін күні-түні баласындай мәпелеп баптаудан жалыққан емес. Қияр сатып  бір айда 150 мың теңге тапқан. Қызанақ, бұрышы мен өзге де дақылдары тағы бар. ал ерте көктемде көшет өсіріп көршілерге саудалайды.

Нармина АКИФОВА – ТҰРҒЫН

Байзақта  үй жанындағы жер телімінен қора-жай салып асыл тұқымды мал өсіріп отырғандар да баршылық. Талас ауылында Шамандар Сүлиманов қорасында 25 мүйізді қара бордақылауда. Бұдан бөлек ол күніне 5 бас сауынды сиырдан 40 литр сүт сауып, жартысын базарға өткеріп, табыс табуда. Қорадағы бордақыны əр алты ай сайын етке өткізіп, жем-шөбіне кеткен шығынды алып тастағанда жылына орта есеппен 300-400 мың теңге көлемінде табыс табамын" дейді ол. Ал Сарыкемер ауылының тұрғыны Рустам Аббасов та ет бағытында ауласында мал бордақылап отырғандардың бірі.  "Ағал" ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшесі Рустам биыл екінші деңгейлі банктен 5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оған 22 бас бұқа сатып алыпты. Малды бордақылауға қойғанына үш ай болыпты. "Мал бордақылаудың өз қиындығы жетіп артылады. Бірақ жұмыс жоқ деп, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды деген шаруа  өзгелерге де осы кəсіпті меңгеруге үгіттер едім"  дейді.

Қаламен қанаттас ауданда тірлікті тіктеп, тұрмысты түзеуге мүмкіндік жетіп артылады. Атқарушы билік те бұл ретте шаруасына шыр бітірем дегендерге көмек көрсетуге бейіл.

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ – ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жұмыс істеп тұрған кооперативтер өз алдына, ендігі міндет – қорасында тұяғы жоқ, үй маңында жері болса да, тындырып отырған тірлігі жоқ жандарды еңбекке тарту ауыл әкімдеріне артылар жүк. Яғни, әкім-қаралар қорадағы мал-жанды түгендеумен ғана айналыспауы тиіс, ол – ауылдағы ағайынның ахуалын жақсартуды көздейтін оң саясатты қалыптастырушы тұлға да, деген аймақ басшысы әлі де болса бұл бағыттағы шаруаны ширатуды тапсырды.

А. Тілеуханқызы, Ө. Ыбыраев, М. Таубаев, «Жаңалықтар қызметі», Байзақ ауданынан

Тақырып бойынша материалдар

«ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ: ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ
16:02, 25 маусым 2020
«ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ: ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар