ШҰҒЫЛ! АЙМАҚТА ИНТЕРНЕТ - АРНА АШЫЛДЫ Толығырақ

ҚОСАЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҚ – ТИІМДІ ТАБЫС КӨЗІ

18:52, 8 қазан 2019

 

 «Қосалқы шаруашылық» деген атау – бүгінде әулиеаталық ағайынның құлағына жатталып, көңіліне жаға бастады. Ауылдықтар шын мәнінде мұның  көл көсір табыс көзі екенін түсінгендей.  Алысқа ұзамай-ақ, алақандай ауладан ақша табудың тың тәсіліне ден қойған Т. Рысқұлов ауданы тұрғындарының батыл бастамалары бар екен.

Президент құлағдар болып, үкімет қолдаған қанат қақты жобаны мұндағылар қос қолмен қолдап отыр.  Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов бүгін ауданға жұмыс сапарымен барып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Олардың  ұсынған ойларын тыңдап, пікірлерін елеп-екшеді. Ел еңсесін көтеру үшін қабылданған жобаның жәй- жапсарын баппен, байыппен түсіндіріп берді.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың Т.Рысқұлов ауданынындағы жұмыс сапары Құмарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден басталды.  Жиында округ әкімі Қанат Смат  тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы аясында ауылда атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Құрамына үш елдімекен кіретін округте барлығы 630 аула бар екен.  502 аула тұрғындары жоба аясында тұрмысын тіктемек. Баянды бастаманың игілігін көруге асық тұрғындар тиісті жұмыстарды бүгіннен бастап кеткен. Алғабас ауылының тұрғыны Гүлбағира Айжанова. Зейнет жасында болса да, үй іргесіндегі жерін тиімді игеру үшін күздік сарымсақ егу ісіне қызу кіріскен. Оның 50 соттық шарбағындағы егіншілік жұмыстарына ауылдастары асарлатып, көптеп көмектесуде.

Гүлбахира АЙЖАНОВА – АЛҒАБАС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

 Аймақ басшысы ауылдықтармен кездесуде  ауқымды жобаның маңыздылығын түсіндіріп, оған мүмкіндігінше барлық ауланы тарту қажеттігін  жеткізді. Өз кезегінде тұрғындар да көкейдегі көп сауалдарын жолдап, нақты жауаптар ала білді.

Округтегі жобаға қатысуға ынталы 502 ауланың 458-сі үй маңындағы жерді тиімді пайдалану, 142-сі мал шаруашылығымен айналысу бағытында кәсіптерін дамытуға ниетті. Ал, үшінші бағыт бойынша мал бордақылауға қажет мал азығын даярлау үшін ауылдықтарға  800 гектар егістік алқап қажет. Ал жайылымдық жер жеткілікті. Қазіргі таңда ауылда "Құмарық-Тау» АШК құрылған, енді оған қажетті техника мен жабдықтар сатып алу жоспарлануда.  Дегенмен, ауылда су мәселесі өзекті.

Кездесуден соң Асқар Мырзахметов  Құлан ауылындағы орталықтандырылған ауыз су ғимаратының мәселесімен танысты. Осыдан он алты жыл бұрын жер сілкінісі кезінде нысанның біраз бөлігі бүлініп, бірқатар құрылғылар істен шыққан болатын. Соның салдарынан ауыз су таратуда айтарлықтай мәселелер туындауда.  Облыс әкімі нысанды жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырып,  бюджет қаражатын үнемді жұмсау мақсатында қажетті қаражатты оңтайландыруды міндеттеді.

Тақырып бойынша материалдар

ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ШАРТТАРЫ
20:49, 18 қазан 2019
ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ШАРТТАРЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар