ШҰҒЫЛ! «БОЗТОРҒАЙ» ӘН-БИ АНСАМБЛІНЕ - 45 ЖЫЛ Толығырақ

НАУРЫЗНАМА БАСТАУЫ – КӨРІСУ КҮНІ

18:39, 14 наурыз 2019

Дәстүр бойынша жамбылдықтар бүгін Көрісу күнін тойлады. Жер бетіндегі тіршілік атаулы жаңаратын осы кезеңді біздің халқымыз «Амал мерекесі» деп те атайды. Тарихы 6 мың жылдың ар жағынан тамыр тартатын  бұл дәстүр өшкеніміз жанып, ұлттық құндылықтарымыз жаңғырған тұста,  қайта  жанданып жатыр.

Көрісу күніне орай Тараз төрінде мерекелік  іс-шара өтіп, ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталды. Әулиеата аспанында әсем ән қалықтады. Қыстан аман шыққан жұртшылық арқа-жарқа көрісіп, амандық айтысты.

Бүгін халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын Көрісу күні басталды. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар : Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген. Амал мерекесін Наурыздан бөле-жара қарауға болмайды, ол -  Наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес.

«Көрісу» қазақтың Наурыз мейрамындағы  негізгі салтының бірі.Жыл сайын 14-наурызда жамағат «Амал келді - Жыл келді!» деп бір-бірін құттықтап, бір дастарханда дәм татып, ескі жылдан жаңа жылға аман-есен жеткеніне қуанған.

Әжелер ансамблі

Амалдың негізгі шарты - үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау.  Бұл күні жасы кішілер үлкендерге арнайы сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырады.

 Ақсақалдар амалға аман жеткен жұртшылыққа «Бір жасың құтты болсын!» деп, батасын берген.  Бұл күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Үй иелері келгендерге дәм ұсынып, ақ тілектерін жаудырады. Осылайша, Көрісу - бауырмалдықтың, кішіпейілділіктің, қайырымдылықтың мерекесі болып саналады. Бүгінгі амал мейрамында   жастардың әдемі салт-дәстүрден көрінісі мерекенің бояуын айшықтай түсті.

Наурызнама бастауы көрісу - тек қол алысып, құшақтасу ғана емес. Қыс бойы бір –біріне жете  алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы, өкпе реніш болса өткен жылға қалдырып, жаңаша табысу. Түйіп айтқанда Көрісу – бұл жүрек нұрымен бөлісу. Амал немесе Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмай, ай  бойы жалғасады.       

 А. Тілеуханқызы, Р. Бегалы, «Жаңалықтар қызметі»

Тақырып бойынша материалдар

ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ АГЕНТТІГІ ҚҰРЫЛАДЫ
20:53, 22 мамыр 2019
ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ АГЕНТТІГІ ҚҰРЫЛАДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар