Өңір өндірісінің қатары толықты

14:35, 7 желтоқсан 2017

Жыл санап мемлекет қолдауының арқасында еліміздің өндірісі өркендеп, экономиканың қуаттылығы арта түсуде. Күні кеше индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпірде әлеуметтің әлеуетін көтеруге күш салатын тағы  жүзге жуық кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындары   Елбасына таныстырылды. Оның ішінде біздің өңір екі бірдей инвестициялық жобаны ел назарына ұсынды.

Елбасына таныстырылған Жамбыл өңіріндегі ірі кәсіпорынның бірі Мойынқұмдағы гранит өндіретін «Оргстрой» компаниясы. Жапан түзге жан бітірген кәсіпкердің бастамасымен іске қосылған зауыт жылына 800 мың шаршы метр гранит  тақтасын өндіруге қауқарлы. Өндіріс орнының аяққа тұрып, ары қарай дамуына әлбетте мемлекеттің  қолдауы серпін берді. Жаңа зауыттың жұмысын Елбасына кәсіпорын директоры Қали Ғылымхан таныстырды.

Қуатты кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмақ емес. Өндіріс көлемін арттырып,  одан ары өрлеуді көздейді. Бұйырса, алдағы жылы тағы 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ мұнда. Демек, аймақта 150 адамға жұмыссыздар саны кемиді деген сөз. Киелі өлке қойнауы қазынаға бай. Оны неге ел игілігіне жаратпасқа, дейді кәсіпкер.

Қали Ғылымхан, «Оргстрой» компаниясының директоры

Халқыма, еліме, Отаныма, тәуелсіз, еңбек етсем деп армандаймын. Еңбек етуге нәсіп етсе деп тілеймін, қазақ халқына, жалпы барлық жұмысшыларыма жақсы жұмыс берсем деймін.

Ержан Сүйінбаев, жұмысшы

Қазақстанымыз әйгілі болып, осындай тасымыз, осындай байлығымыз бар дегенге мақтан етем. Бүгінгі телекөпіріміз әсерлі болды, Елбасының мақтанышын алып, соған қуанып тұрмын.

Елбасына жалпыұлттық телекөпір арқылы таныстырлған екінші нысан да нақ осы Мойынқұм ауданына тиесілі. Кәсіпорын Президенттің  қазіргі кезде  ерекше екпін беріп отырған цифрлық басқару жүйесін тау-кен өндірісіне алғашқылардың бірі болып енгізген өндіріс ошағы.

Айта кетейік, «Жамбыл» жылжымалы телестудиясы осымен он бесінші рет республика көлемінде  тікелей байланысқа шығып, Елбасымен болған телекөпір бойынша сапалы хабар таратты. Бұл ретте ауқымды жобаларды Елбасына таныстыруда тынымсыз еңбек етіп, ел алдына шығуына өз үлесін қосқан «Жамбыл» телеарнасының ұжымына аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев өз алғысын білдірді.

Еліміздің индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында жалпы инвестициялар көлемі 159 млрд тг болатын 53 кәсіпорын іске қосылса, 6 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Өңірге инвестициялар тарту маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек.
Ааягөз Тілеуханқызы, Асқар Әділ, Ғалымжан Есенбаев, Ермек Асаубаев, «Жаңалықтар қызметі»

Тақырып бойынша материалдар

Тараздағы 80 отбасыға пәтер берілді
20:10, 15 желтоқсан 2017
Тараздағы 80 отбасыға пәтер берілді
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар