ШҰҒЫЛ! АЙМАҚТА ИНТЕРНЕТ - АРНА АШЫЛДЫ Толығырақ

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҒЫ СӨНБЕЙДІ

18:59, 8 қазан 2019

Шындықтың шырағы сөнбейді. Иә, қазақтың қара нары Шерхан Мұртазаның арамыздан кеткеніне жыл толды.  Алматы қаласында халық жазушысының рухына  құрмет көрсетілді.

Алаштың алдаспанын ту еткен қайраткердің әруағына құран бағышталып, бейітінің басына ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, қаламгердің өзі тұрған үйге де ескерткіш тақта ілінді.

Бұл Кеңсай зираты. Қазақтың өмірден озған ұлт зиялылары мәңгілік мекен тапқан жер.  Мұнда шындықтың жебесі Шерхан Мұртаза да жатыр. Қазақтың хас батыры, әрі ауылдасы Бауыржан Момышұлымен қатар жерленген.  Жазушының жылдығына орай құлпытас басына алып ескерткіш орнатылды.  Ескерткіш ерекше композициямен, кітап мүсінінде жасалған. Онда Шерағаның суреті мен туған жылы, тағылымды ойлары жазылған. Қаламгерді еске алуға жиналған жұрттың қарасы қалың. Қайраткердің көзін көргендер естеліктер айтып, шәкірттері тау тұлғаны тебірене еске алды.

Сондай-ақ, Алаштың алдаспанын ту еткен қайраткердің тұрған үйіне де ескерткіш тақта қойылды. Оның ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Сенат депутаты, журналист Нүртөре Жүсіп және ғалым Мекемтас Мырзахметов қатысты. Халқының қамын жеген Шерағаң өмір бойы алаш абыройы үшін қызмет етті.  Өзекті мәселелерді өткір айтып, қазақ сөзінің айбарына айналды. Қазақ әдебиетінің, журналистикасының ғана емес, идеологиясының да қалыптасуына зор ықпал етті.

Мұнан соң Шерағаның  рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды. Шыңға біткен шынардың шығармашылығы мен артында қалған құнды дүниелерінің маңыздылығы ешқашан жойылмайтыны шындық. Заңғар жазушы халқымен мәңгі, жасай бермек!

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ҒЫЛЫМИ - ТӘЖІРБИЕЛІК АЛАҢНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ
19:00, 11 қараша 2019
ҒЫЛЫМИ - ТӘЖІРБИЕЛІК АЛАҢНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ
Толығырақ...