Тараздың тазалығы сын көтермейді

22:30, 13 наурыз 2017   301

Тараз қаласында тұрмыстық қалдықтар тастайтын  орындар саны көбейіп барады. Бұл жағдайды экология мамандары арнайы тексеру жүргізу барысында анықтаған. Ал арық-атыздарға лақтырылған күл-қоқыстар су арнасын бекітіп,  қиындық туғызуда.  Жеке тұрғындарды айтпағанда, базар иелерінің өзі осындай салақтыққа жол беріп отыр.  Шаһарды арнайы мамандармен аралап, жағдайды көзімен көріп қайтқан тілшіміз бұл туралы толығырақ айтып береді.

Жалпы Тараз қаласы бойынша күл-қоқыс төгетін арнайы полигон бар. Оның аумағы 5 гектарды құрайды. Шығарылатын қалдықтар көлемінің артуына байланысты тағы 3 гектар қосылған. Бірақ осыған қарамастан, жеке сектор тұрғындары мен кейбір кәсіпкерлер тұрмыстық қалдықтарды көрінген жерге тастауды әдетке айналдырды дейді, экологтар. Сондай жердің бірі – Автобекет аумағындағы Талас өзені жағалауы. Бұл аймаққа келешекте 14-ші мөлтек аудан тұрғызылмақ.  Бірақ бұл жерді азаматтар табыс көзіне айналдырған сыңайлы. Нақтырақ айтқанда, әрбір камаз толы тұрмыстық қалдық төгу үшін 2000-3000 теңге алып отырғаны анықталған. 

Серік Нұрбаев, Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің бас маманы

Жерге тасталып жатқан күл-қоқыстардың барлығы экологиялық заңдарға сәйкес емес. Заңсыз тасталып жатқаны анықталды. Прокуратураның ұсынысы бойынша ұсыныс беріледі, сол  бойынша тесеріліп, қалдықтың көлемі анықталып, айыппұл салынады және табиғатқа келтірілген залал есептелінеді.

Ал мынау, Кірпіш ауданын бойлай ағатын Базарбай каналының қазіргі сиқы. Мұндағы тазалық туралы  айтып жатудың өзі артық.

Марина Сагина, тұрғын

мен қаншама рет өз көзіммен көрдім, қапшықпен, арбамен қоқыс әкеп тастайды. Мына көшені бойлап жүре берсеңіздер, бұрылыстардағы үйме-үйме күл-қоқыстан көз сүрінеді. Соның барлығы төменгі жақтан келеді.

«Бек» базарының жанындағы көрініс  тіпті сорақы. Сауда орнының иесі өзімбілермендікке салынып, қоқыс тастайтын орын жасап алыпты. Онысы тіпті санитарлық талапты айтпағанда, қауіпсіздік шаралары да  сақталмаған. Өртенген күл-қоқыс электр сымдарына және темір жолға тым жақын орналасқан. Төтенше жағдай орын алғанда болатын қауіпті өзіңіз-ақ саралай беріңіз.

Серік Нұрбаев, Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің бас маманы

Ел аяғы басылғанда осы жерге базардан шыққан күл-қоқысты өртейді, бұл жерден ең жоғары высоковольтная  линия өтіп жатыр, одан басқа темір жолдан цистерна толы мұнайлар, бензин, соляркалар өтеді. Бұл өрт қауіптілігіне соқтыруы мүмкін .

Жауапты сала мамандары арнайы тексеру барысында осындай заңсыз қоқыс төгетін орындардың жиырмаға  жуығын анықтапты. Тазалығымен талайды тамсандырған Тараздың санитарлық жағдайы дәл қазір сын көтермейді. Экологтар осылай деп дабыл қағуда. Қыс бойы қар астында жатқан күл-қоқыс арық-атыздардың арнасына толып, әр қуысқа лақтырылған тұрмыстық қалдықтар әсем қаланың көркіне нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан, тазалықты баршамыз бірдей сақтап, таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жасау өз қолымызда екендігін естен шығармау қажет-ақ.

 

Аягөз Тілеуханқызы, Руслан Бегалы, «Жаңалықтар қызметі»

«Қазақстан-Тараз» телеарнасының ресми сайты

080000, Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 6 үй Байланыс телефондары: 8 (7262) 45-29-40