Уақытша тіркеуге тұру тәртібі бар

22:00, 11 қаңтар 2017   484

Қазақстанда азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер биылғы жылдан бастап күшіне енгені белгілі.  Аталған заң терроризм мен экстремизм мәселелеріне қарсы қолданылып отырған шараның бір парасы. Қазіргі кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарында уақытша тіркеуден өтуге келушілер қатары көп. Сондықтан, орталық қызметкерлерінің жұмыс кестесінде біршама өзгерістер орын алды.

Жаңа заң аясында тіркеусіз тұру мерзімі үш айдан енді бір айға қысқартылып отыр. Уақытша мекенжайға қоныстанған кез келген азамат он күн ішінде тіркеуге тұруы міндетті. Уақытша мекенжайда он күннен бір ай уақыт аралығында тіркеусіз тұрған адамға ескерту беріледі, егер оның мерзімі бір айдан асса, айыппұл салына бастайды. Қазіргі кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарына уақытша тіркеуге келген Тараз қаласы азаматтарының қатары көп. Осы себепті, орталықтағы  көші  - қон полициясы қызметкерлерінің саны арттырылды. Сондай-ақ, олардың жұмыс кестесінің уақыты да біршама ұзартылды. 

Мұхтар Салжанов, Жамбыл облыстық ІІД көші қон полициясының басшысы 

Он күннен 30 күнге дейін уақытша тіркеуге тұрмаған азамат ешқандай әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Ал бір ай мерзімнен асып кеткен жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке алынып, айыппұл төлеуіне тура келеді. Облыста 7 қаңтардан бүгінге дейін уақытша тіркеуден 455 адам өтті. Ал тұрақты мекен жайы бойынша 3051 адам.

Уақытша тіркеуге тұру үшін, сізге тұрақты мекен-жайыңыздың есебінен шығудың қажеті жоқ. Себебі, тұрақты мекен жайыңыз сол күйі сақталады. Уақытша тіркеу азаматтың қалауы бойынша белгілі бір мерзімге ғана рәсімделіп, ол кеткен соң, автоматты түрде жойылады. Өйткені, одан шығу үшін қайтадан Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбейсіз. Қазіргі уақытта аталған орталық қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне ауыстырылған.   

Данияр Медетбеков, Жамбыл облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры

9 қаңтардан бастап қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілді. Яғни, күндізгі сағат 8 ден бастап, кешкі сағат 20,00 ге дейін ешбір үзіліссіз халыққа қызмет көрсетіледі. Қазіргі кезде бәрі бір қалыпқа түсті, халық түсіне бастады. Кезекте адам саны көп болғанмен, мамандар бәріне үлгеріп жатыр.

Тараз қаласындағы бірнеше халыққа қызмет көрсету орталықтарына бардық, кезек бар, бірақ аса бір абыржушылық байқалмайды. Қызмет жүйесі де, реті де, түсіндірілуі де қалыпқа келе бастады. Жаңа заң шеңберінде азаматтарға қарастырылған жеңілдіктер ретінде бірқатар шаралар қабылданды. Айталық, егер сіз барған халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрған адам саны көп болса, жергілікті әкімдік тарапынан қарастырылған мынадай шағын автобустар арқылы келесі орталыққа жеткізу қызметі көрсетіледі. Сонымен қатар, алдағы бір ай көлемінде онлайн жүйе арқылы да тіркеуге тұру мәселесі оң шешімін табады деп күтілуде.  

 

Қымбат Қаржауқызы, Ермек Асаубаев, «Жаңалықтар қызметі»

«Қазақстан-Тараз» телеарнасының ресми сайты

080000, Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 6 үй Байланыс телефондары: 8 (7262) 45-29-40