Жалынды жастар форумы

19:00, 17 мамыр 2017   248

«Менің таңдауым, Жас Отан». Осындай тақырыпта жасотандықтардың кезекті форумы өтті.

Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ең алғаш рет 2008 жылы «Нұр Отан» партиясы жанынан «Жас отан» жастар қанаты құрылды. Сол жылы бұл ұйымның алғашқы сьезі өтіп, алдағы мақсат-міндеттері айқындалды. Сол сәттен бастан, жас отан еліміздегі ең белсенді, саяси сауатты жас азаматтарды тәрбиелейтін бірегей мектепке  айналды.

Ал бүгінгі форум жалынды жастардың қуанышты көңіл күйімен басталды. Ең белсенді жас азаматтардың жиынын  «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат салтанатты түрде ашты. Жалпы бүгінде өңірдегі жас отандықтардың саны 14 мыңнан асқан. Мүшеліктегі азаматтардың алды түрлі салада еңбек етсе, бірі студент және мектеп оқушылары да бар. Олар жыл сайын осылайша бас қосып, атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы міндеттерді пысықтап алады.

Уалихан Болатбек, Жамбыл облыстық «Жас Отан» ЖҚ-ның төрағасы

Жамбыл облысы бойынша «Жас отан» жастар қанатының 145 бөлімшесі бар. Біз, бөлімшелердің санына емес, сапасына баса мән береміз. Бірақ, Елбасы тапсырмасына сәйкес, соңғы уақытта жас отан жастар қанатының бөлімшелерін өндіріс ошақтарында да ашып, онда белсенді жас мамандардың басын біріктіруді бастадық. Қазір облыста 4 ірі өндіріс ошағында біздің бөлімше жұмыс істейді. Және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында да құрылған.

Аталған бастауыш бөлімшелер өз орталарында мемлекеттік стратегиялардың орындалуына, ел жастарының түрлі проблемаларының шешімін табуына үлес қосуда. Бөлімшелердің еңбегі  жыл сайын еленіп отырады. Мәселен, биылғы жылы Тараз мемлекеттік университеті ішінен құрылған  бастауыш бөлімше мен ұйымның кеңес беру орталығы республикада үздіктердің қатарынан көрінді.

Салтанат Баушенова, «Жас Отан» ЖҚ-ның  мүшесі

Мен Тараз мемлекеттік университеті ішіндегі бастауыш бөлімшедемін. Жыл бойы тынбай еңбек еттік. Түрлі іс-шаралар өткіздік. Республикалық деңгейде бірінші орынды алдық. Бұл барша белсенді студенттердің еңбегі. Мен өзім жас отандықтардың қатарына кіргелі өмірімде көптеген өзгерістер болды. Жақсы жағынан әрине. Сондықтан алдағы уақытта бұл ұйымнан алатыным әлі де көп деп ойлаймын. Менде барынша жастық жігерімді салып, еңбек етемін.

Форумда жастар Елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласы  аясында ой пікірлерін жеткізді. Іс-шара мерекелік концертке ұласты.

 

Мархабат Көпбосынова, Ерболат Дәулеталы «Жаңалықтар қызметі»

«Қазақстан-Тараз» телеарнасының ресми сайты

080000, Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 6 үй Байланыс телефондары: 8 (7262) 45-29-40