ШҰҒЫЛ! АЙМАҚТА ИНТЕРНЕТ - АРНА АШЫЛДЫ Толығырақ

ЖАҢА ЖОБАНЫ ЖҰРТ ҚОЛДАЙДЫ

20:31, 10 қазан 2019

 

Облыс тұрғындарының тұрмыс табысын жақсарту жобасы – ауылдықтарға берілген үлкен мүмкіндік. Иә, бұл туралы бұған дейін де аз айтылған жоқ. Облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың  идеясынан туындап, сан рет сараланып, талай рет талданып, мың мәрте есептеліп - екшелген жобаның берер жемісі даусыз. Алайда, арық айтып, семіз шығу – талап.

Президент қолдап, Үкімет мақұлдаған жобаны жұмыла жүзеге асыру – мерейлі міндет болса, жауапкершілік жүгі одан да батпан. Осыны жете сезінген аймақ басшысы пилоттық режимге енген өңірдегі он ауылдық округті өзі қайтара аралауда. Мақсат – ой жеткенге көз  жететінін  ұғындырып,  қараша халықпен тік тұрып тілдесіп, тікелей түсінісу.  Мұндағы бар пейнет тұрғындар игілігі үшін десек, бүгінде әу бастағы күмән-күдіктерінен сейілген ауылдықтар аталмыш бастама аясында тіршіліктерін тіктеуге асық. Бұрын-соңды дәл мұндай жаппай қолдау, айтарлықтай жеңілдікке ие болып көрмеген  қараша халық беріліп отырған мүмкіндікті мүлт жіберіп алғысы келмейді. Оған аймақ басшысының Сарысу ауданындағы Байқадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде көз жеткіздік.

Пилоттық он ауылдық округтің бірі саналатын байқадамдықтар бұл таңдау өздеріне бұйырған бақ деп түсінеді. Дегенмен,  толайым табыс – табандылықпен бітетінін жақсы  білетін ауылдықтар аянып қалмақ емес. 2,5 пайыздық несиемен несібелерін арттыруды көздеп отырған олар талмай тер төгіп, айтарлықтай табысқа кеңелуге дайын. Айта кетейік, округке қарасты Саудакент ауылында 984 аула, 6006 халық тұрады, бұл жобадан тұрғындар түгел хабардар. Облыс, аудан, ауыл әкімдіктерінен жауаптылар түсіндіру жұмыстары, кездесу жиындардан кенде қылмапты.  Бүгінде бірінші бағыт бойынша округтің 848 ауласы сумен қамтылған десек, үй іргесіндегі жерін ұтымды ұқсатып, табысын еселеу үшін олар несие алуға деген ұсыныстарын бере бастаған. Сумен қамтылмаған 136 шарбақ үшін құдық қазылып, жобаға аулаларды жаппай  тартуға бар жағдай жасалмақ. Жерін қопсытып, екі айналымда көкөніс егіп, мол өнім алуға талпынып отырғандар аз емес. Тіпті жылыжай салып, қысы-жазы тартынбай тірлік етіп, табыс табам деушілер де бар екен. Қазіргі таңда 30 отбасыға тиесілі жалпы 150 соттық жерді жылыжайға айналдыру жоспарлануда.

Екінші бағыт негізінде төрт түлік алып, шаруашылығымды дамытсам,  деп талпынып отырған 634 аула анықталған. Олардан  жалпы 7273 бас мал сатып алуға өтінім түскен. Бұған дейін де мал басы жеткілікті болғандары  қолдағы бар  малын еселеп, өнімділікті арттыруға бел буған.

Жалпы, қос бағыт бойынша өнімдімлікті арттыру, өткеру жолындағы түрлі мәселелерді шешу барысын өз мойнына алатын «Саудакент 2019» өндірістік кооперативі құрылған. Арнайы агрономның жұмысы да ұйымдастырылады.  Жобаның бес бағыты аясында да ауылдықтар үшін қолға алынған жұмыстар өз жемісін беруде. Аймақ басшысымен кездесуде тұрғындар көкейдегі көп сауалдарына жауаптар алып, сенімдерін нықтап, жоспарларын жүйелей түсті. Бастама аясында барын салатындарын жеткізді.

Сарысу аудандық ауруханасының Саудакент бөлімшесі. Мұнда 2 дәрігер, 17 орта буынды медицина қызметкері тұрғындардың денсаулығын нығайту жолында тер төгуде. Іргесі қаланғанына отыз екі жылдай уақыт болған нысан күрделі жөндеуге мұқтаж.  Жылу, кәріз жүйелерін жаңғырту қажет. 16 төсектік ғимараттың мәселесі көп ұзамай шешілмек. Ол үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жолдаған Асқар Мырзахметов  жобалық сметалық құжаттарды жасағанда бюджетті оңтайландырудың регламентін сақтау керектігін баса айтты.  Аудандағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі  Саудакент ауылындағы ауыз су жүйесінің жағдайымен де танысты. «Сарысу сулары» коммуналдық мекемесінің  Саудакент ауылындағы су қоймасын қайта жаңғырту керектігінен  хабардар болған облыс басшысы арнайы әзірленген жобамен танысты.  Ол бойынша «Оңтүстік жер қойнауы» РМК-мен жер асты су қорына берілген қорытындысындағы су көлемі ауылды сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіздігі айтылды. Сол себепті жобаның сараптамадан өтуі қиынға соғуда. Айта кетейік,  ауыз су құбырының  80 пайызы ескіргендіктен  1 балабақша, 2 мектеп және  71 үй ғана тіршілік нәрімен қамтылған. Қалған 913 үйге баратын су жүйесі қолданысқа жарамсыз.          Осы мәселелерге аса назар аударған аймақ басшысы тиісті тұлғаларға түйіткілдің шешу жолдарын қарастыруды тапсырып,  қажетті шараларды уақыт созбай атқару керектігін баса айтты.

Облыс басшысы «Жаңатас ЖЭС» құрылысына да арнайы ат басын бұрды.  Нысан  құрылысына 233 гектар жер бөлінген. Инвестор «China Power International Holding Ltd» компаниясы жүргізіп жатқан жоба құны  130 миллион АҚШ долларына тең. Жобаның алғашқы кезеңі бойынша 40 жел қондырғысы орнатылып, қуаттылығы 100 МВт-ты  құрайды деп көзделген. Ал, екінші кезеңде қуаттылықты 200 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда. Жалпы станция жыл сайын желден 340 миллион киловатт электр энергиясын өндіреді болжанып отыр. Өткен жылы бастау алған жоба келер жылы іске қосылады. Нақтылы кезеңде  құрылыс барысында 200 адам жұмыс жасап жатса, ал іске қосылғанда тағы 40 адам жұмыспен қамтылмақ.  Нысан аумағында жел деректерін өлшеу бойынша 6 діңгек орнатылған. Тағы да діңгектер орнату үшін 14 іргетас құйылып, қазаншұңқырлар дайындалуда.

Аймақ басшысының  Сарысу ауданындағы жұмыс сапары  «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-і зауытында қорытындыланды. Ондағы кешенді минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеруге әзірлеу шараларымен танысқан аймақ басшысына жұмыс барысы баяндалды. Республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген жоба жылына 660 мың тонна мөлшерде байытылған фосфорит өндіру және 640 мың тонна кенді ұнға қайта өңдеумен айналысады. Сондай-ақ, жылына 1 миллион тоннадан астам минералды тыңайтқыштар шығаруға қауқарлы. Үш кезеңнен тұратын жобаның 1-ші кезеңінің жұмыстары аяқталып, фосфорит кенін өндіру және бастапқы өңдеу бойынша жобалық қуаттылықтарға қол жеткізіліп үлгерілген. Бүгінде 2-ші кезеңінің жұмыстық жобалаулары жүргізілуде. Бұл кезең жұмыстарын аяқтап, іске қосылуы 2021 жылға жоспарланған. Айта кетейік, қазіргі таңда кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың басынан бері 397,59 мың тонна фосфор ұны өндіріліп, негізгі капиталға 3,4 миллиард теңге инвестиция салынған.

Тақырып бойынша материалдар

ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ШАРТТАРЫ
20:49, 18 қазан 2019
ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ШАРТТАРЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар