Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу

19:00, 17 мамыр 2017   99

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс азаяр емес. Жасөспірімдердің жағымсыз іс-әрекетке жиі баруы қоғамды алаңдатып отыр. Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тиісті органдар түрлі іс-шаралар жасап та, ұйымдастырып та жатыр. Алайда,  көрсеткіштің төмендейтін түрі көрінбейді. Өңірдегі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың ведомствоаралық мәжілісінде аталған мәселе кеңінен талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.

Жиында келтірілген мәліметтер жаға ұстатады. Жасөспірімдер арасындағы орын алған қылмыстар туралы баяндаған облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев, биыл өткен жылмен салыстырғанда, құқық бұзушылықтың өскенін қынжыла жеткізді. Оның ішінде оқушылардың өз өзіне қол салуы,  отбасындағы кикілжің салдарынан орын алатын қылмыстар, есірткіге елірген жастар, мектептердегі әлімжеттік, ақша бопсалау фактілері тиылмай тұр. Десек те, қылмыстардың алдын алу бойынша ұйымдастырылған түрлі іс-шараларды айтпай кетуге болмайды. Алайда, оның өзі жеткіліксіз, -дейді прокурорлар.

Айдос Майлыбаев, Жамбыл облысы прокурорының орынбасары  

/Бұл шаралар жеткіліксіз деп ойлаймын. Осындай қылмыстарды биыл да жол бермеу мақсатында облыс прокуратурасымен облыс әкімдігіне хат жолдап ұсыныстар енгізілген. Олар: жазғы уақытта 9-10 сынып оқушыларына жергілікті бюджеттен қаражат бөле отырып, таңдаулы колледждерге арнайы мамандыққа оқыту, еңбекпен қамту, орталықтар арқылы жасөспірімдерді ақылы жұмысқа орналастыру, сорт алаңдарының жұмыстарын жандандыру/.

Қылмыс санының өсуінің тағы бір себебі, ашылмаған қылмыстардың жылдан жылға қайта көшірілуі. Яғни, есеп дұрыс жүргізілмейді. Есірткіге әуес жастардың санының, керісінше азайды деген мәлімет те шындыққа жанаспайтындығы ашық айтылды. Жасөспірімдердің қоғамға қауіпті іс-әрекет жасауына отбасындағы жағдай да әсер етпей қоймайды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын жауапсыз ата-аналар да баршылық. Мұндай көмекке мұқтаж балаларға қолдау көрсетіп, сондай-ақ, мектеп оқушыларының жазғы демалыстарын тиімді өткізуі облыстық білім басқармасының үнемі назарында.

Сұлушаш Құрманбекова, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы

/өткен жылы білім, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесе жүргізілген3473 рейд барысында қаңғыбастыққа салынған 7761 жасөспірім ІІБ жеткізіліп, түрлі құқық бұзушылық жасаған, сабақтан жалтарған 41 жасөспірім арнайы мектептерге жіберілді. 539 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Осы жылдың 4 айында 1115 рейд ұйымдастырылып, ІІБ жеткізілген 4044 жасөспірімнің 30 ы арнайы мектепке, 236 сы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. 3778 жасөспірім ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылып, ескертілді./

Тағы бір белгілі болғаны, жасөспірімдер қылмысының 40 пайызы демалыс уақытында жасалады екен. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, алдын алу шараларына мықтап ден қою қажет.

Ернат Сыбанқұлов, Жамбыл облысының прокуроры

/Тиімді жұмыстарды қазірден қолға алу қажет. Қазіргі кезе ең басты міндетіміз Жол картасын сапалы жүзеге асырып, облыс әкімдігімен бекітілген кешенді жоспарды толығымен орындау. Әсіресе, демалыс лагерлеріне балаларды жіберген кезде білім беру бөлімдері тарапынан заңдылық толығымен сақталуы тиіс. 1-ші кезекте, көп балалы жанұялардың, әлеуметтік жетімдерді, қиын балаларды қамту қажет. Сондықтан облыс әкімдігіне балаларды жазғы демалысына қатысты жоғарыда айтылған ұсыныстардың орындалуын бақылауға алу керек/

Жиын соңында мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында жарияланған «Ең үздік эссе» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Тақырыпты ашып, қылмыстың қоғамға қауіптілігі жайында тамаша эссе жазған меркілік Нышан Айдана 1-шы орынды иеленді.  

 

Аягөз Тілеуханқызы, Ерболат Дәулеталиев, «Жаңалықтар қызметі»

«Қазақстан-Тараз» телеарнасының ресми сайты

080000, Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 6 үй Байланыс телефондары: 8 (7262) 45-29-40